Алматы облысында бірнеше рет алаяқтық жасаған күдікті ұсталды
Алматы облысында полиция бірнеше рет алаяқтық жасады деген күдікпен 27 жастағы ер адамды қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл ауданында жедел уәкілдер жүргізген жедел іс-шаралар нәтижесінде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оған қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ұзынағаш ауылының тұрғыны белгісіз адамның пәтер сатып алуға көмектесуге уәде беріп, одан 2, 150 млн теңге көлемінде ақша алғанын мәлімдеген. Тергеу барысында күдіктінің тағы екі азаматты алдап, оларға да пәтер және жер учаскесін сатып алуға уәде бергені анықталды. Сөйтіп, ол жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырған. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 7,375 млн теңгені құрады.
— Қазіргі уақытта күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында тексеру жұмыстары жалғасуда. Тәртіп сақшылары тұрғындарды кез-келген мәміле жасау кезінде мұқият әрі сақ болуға шақырады, — деді Жамбыл аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат Данияр.