Алматы облысында есірткі қылмысына қарсы күрес тақырыбында брифинг өтті
Алматы облысында полицейлер 937 келіден астам есірткі затын заңсыз айналымнан тәркіледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысында жыл басынан бері есірткі қылмысына қарсы күрес жүргізілуде. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы күрес басқармасының басшысы Ардақ Қайсаров бірінші тоқсан ішінде атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берді.
— 2025 жылдың алғашқы үш айында өңірде есірткіге қатысты 63 құқық бұзушылық анықталып, оның 30-ы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Есірткі заттарын сату, сақтау, өсіру және интернет арқылы тыйым салынған ақпарат тарату фактілері тіркелді. Заңсыз айналымнан 937 келі 622 грамм есірткі тәркіленді. Оның ішінде 24,5 келі синтетикалық заттар, 4 келіден астам қарасора, 8,3 келі гашиш, 242 грамм героин және 900 келі каннабис бар. Сонымен қатар есірткі өндіруге арналған төрт жасырын зертхана анықталды. Олардың бірі синтетикалық есірткі жасауға маманданған, — деді Ардақ Қайсаров.
Басқарма басшысы сонымен қатар алдын алу шараларының маңыздылығына тоқталды. Жыл басынан бері 171 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, ақпараттық акциялар, дәрістер, семинарлар, рейдтер, спорттық және мәдени-бұқаралық шаралар өткізілді. Бұл жұмыстарда білім беру ұйымдары, еріктілер, жастар қозғалыстары мен ҮЕҰ белсенді түрде атсалысуда.
— Есірткі нарығы жыл сайын жаңарып, синтетикалық заттардың түрі мен таралу жолдары өзгеруде. Сол себепті тек салдармен күресіп қана қоймай, оның алдын алуымыз қажет. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде, — деді спикер.
Профилактикалық жұмыстарды үйлестіру мақсатында полиция департаменті жанынан арнайы кеңес құрылған. Оның құрамына медицина, білім, қоғамдық және ата-аналар ұйымдарының өкілдері енді. Кеңестің негізгі міндеті – тиімді ақпараттық және тәрбиелік шараларды әзірлеп, жастар арасында есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыру.
— Біз тек қоғам болып бірігіп, әр азаматтың саналы үлесі арқылы ғана жастар үшін қауіпсіз орта құрып, салауатты өмір салтына деген құрметті тәрбиелей аламыз, — деп түйіндеді Ардақ Қайсаров.
Айта кетейік, профилактика – бұл салдармен күресу емес, оның алғышарттарын жою. Қазіргі таңда дәл осы бағыт есірткі қылмысына қарсы күрес стратегиясының өзегіне айналып отыр.