Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында есірткі жарнамасына қарсы ауқымды акция өтті

Алматы облысында полиция қызметкерлері, прокуратура өкілдері, еріктілер мен жастар ұйымдарының мүшелері бірігіп, қоғамдық орындарда есірткі жарнамасын жою бойынша кең көлемді акция ұйымдастырды. Іс-шара барысында ғимараттардың қабырғаларындағы есірткіге қатысты граффити жазулар өшіріліп, тұрғындар арасында нашақорлықтың зияны туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыс орталығында өткен кезекті акция аясында полиция қызметкерлері, прокуратура өкілдері, Есірткі қылмысының алдын алу кеңесі және еріктілер есірткіге қатысты граффити жазуларды жоюға жұмылды.

Есірткі саудасын насихаттайтын мұндай жарнамалар, әсіресе оқу орындарының маңында, халық көп жүретін аудандарда жиі кездеседі. Бұл жасөспірімдер үшін аса қауіпті. Сол себепті бұл бағытта жүйелі әрі мақсатты жұмыстар қолға алынған.

Жыл басынан бері облыста 40-тан астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, нәтижесінде 200-ге жуық есірткі жарнамасы жойылды. Акцияларға 220-дан астам ерікті — оқушылар, студенттер, жастар ұйымдары мен қарапайым тұрғындар қатысты.

Көше акцияларымен қатар, мектептер мен колледждерде 269 түсіндіру сабағы, бейнедәрістер мен жадынама таратылымдары жүргізілді. Жылдың алғашқы бес айында жалпы саны 423 түрлі форматтағы профилактикалық шара жүзеге асқан.

Полиция есірткі қылмысымен күресте қоғамның белсенді араласуын аса маңызды деп санайды. Жастардың бойында қауіпке қарсы иммунитет қалыптастыру — бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру