Алматы облысында есірткі жарнамасына қарсы профилактикалық акция өтіп жатыр
Алматы облысында есірткі жарнамасына қарсы профилактикалық акция өтіп жатыр, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің тапсырмасына, сондай-ақ Алматы облысы полиция департаменті бастығының бұйрығына сәйкес облыс аумағында есірткі құралдарын заңсыз тарататын интернет-ресурстар мен онлайн-дүкендерді жарнамалайтын граффитилерді анықтау және жою бойынша кең ауқымды профилактикалық акция өткізілуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды есірткіге тартуға бағытталған заңсыз ақпараттық насихаттың жолын кесу, қоғамдық орындардағы граффитилерді жою, сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Акция барысында полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен, еріктілермен және қоғам белсенділерімен бірлесіп, көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғаларын, жертөлелерді, қоршауларды, аялдамаларды және басқа да қоғамдық орындарды тексеруде. Анықталған есірткі жарнамалары жедел түрде өшіріліп, интернет-ресурстар бойынша материалдар уәкілетті органдарға жолдануда.
Сонымен қатар аталған фактілер бойынша кінәлі тұлғаларды анықтау және оларды заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту шаралары қабылдануда.
Полиция департаменті азаматтарды есірткі құралдарын заңсыз таратуды насихаттайтын жазулар немесе интернет-сайттар туралы ақпаратты көрген жағдайда құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады. Қоғам мен полицияның бірлескен әрекеті ғана бұл қауіпті құбылыспен тиімді күресуге мүмкіндік береді.
