Алматы облысында есірткіге қарсы 400-ден астам профилактикалық іс-шара өткізілді
Алматы облысында есірткіге қарсы 400-ден астам профилактикалық іс-шара өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысында жыл басынан бері есірткіге қарсы 423 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, қоғамда есірткі қолдану мен таратудың жолын кесуге бағытталған белсенді жұмыстар жүргізілуде.
Осы науқанға облыстың барлық аудандарынан 220-дан астам ерікті азаматтар қатысып, "Есірткісіз болашақ" идеясын насихаттауға атсалысты. Олар түрлі акцияларға қатысып, жасөспірімдермен кездесіп, түсіндіру материалдарын таратты.
Сонымен қатар жыл басынан бері есірткі дүкендерін жарнамалайтын граффитилерді жою бойынша 42 рейд ұйымдастырылып, тыйым салынған заттарды насихаттайтын 180 жазу жойылды. Халық арасында есірткіні жарнамалап, таратқаны үшін заң алдындағы жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жастарды тартуға да ерекше көңіл бөлінуде. Облыс мектептері, колледждері мен жоғары оқу орындарында 20 мыңнан астам студент пен оқушыны қамтыған 269 дәріс пен кездесу өтті. Олардың аясында профилактикалық бейнероликтер көрсетіліп, флешмобтар мен ашық пікірталастар ұйымдастырылды.
Профилактика – бұл бір реттік шара емес, жүйелі әрі үздіксіз жүргізілетін жұмыс. Бұл бағыттағы қызмет тек рейдтер мен тексерістер арқылы емес, сонымен бірге қоғаммен ашық диалог құру арқылы жүзеге асырылуда. Ең бастысы – жастардың санасына дер кезінде әсер ету.
Профилактикалық жұмыстар әлі де жалғасуда. Алда – жазғы маусым аясында сауықтыру лагерьлерінде, спорттық алаңдарда және жастар көп жиналатын орындарда бірнеше іс-шара өткізу жоспарлануда.
Алматы облысының полициясы әр азаматты бейжай қалдырмай, есірткіге қарсы тұруда белсенді болуға және салауатты, қауіпсіз қоғам қалыптастыруға үлес қосуға шақырады.