Алматы облысында ІІО ардагерін еске алуға арналған спорттық жарыс өтті
Алматы облысында ІІО ардагері Бахтияр Лұқмановты еске алуға арналған үстел теннисінен жарыс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына орай 18 қазан күні Алматы облысында Ішкі істер органдарының ардагері Бахтияр Аманқалдықұлы Лұқмановты еске алуға арналған үстел теннисі бойынша жарыс ұйымдастырылды.
Іс-шара Ішкі істер департаментінің тәлімгерлер кеңесінің қолдауымен өтті. Шараның басты мақсаты – ішкі істер органдары ардагерлеріне құрмет көрсету, қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және ұжымдық рух пен достық қарым-қатынасты нығайту.
Жарысқа барлығы 47 ардагер мен тәлімгер, сондай-ақ 35 жас қызметкер қатысты. Қатысушылар тартысты ойын көрсетіп, жоғары спорттық дайындық пен ерік-жігер танытты. Турнир қорытындысы бойынша үздік ойыншылар алғыс хаттармен, медальдармен және кубоктармен марапатталды.
Осындай спорттық шаралар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, қызметтік және адамгершілік дәстүрлердің сақталуына ықпал етеді.