Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған іс-шара өтті

Алматы облысында интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған іс-шара өтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысында 12-30 маусым аралығында "Алаяқтыққа жол жоқ" атты жедел профилактикалық іс-шара ұйымдастырылуда. Шараның басты мақсаты – тұрғындар арасында интернет-алаяқтықтың түрлері туралы кеңінен ақпарат таратып, оның алдын алу.

Аталған шара аясында Алматы облысы полиция департаментінің киберқылмыспен күрес басқармасы Еңбекшіқазақ және Талғар аудандары әкімдіктерімен, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесе отырып, халықпен кездесу ұйымдастырды.

Кездесулер барысында азаматтарға кең таралған алаяқтық түрлері – жалған интернет-дүкендер, өзін банк қызметкері ретінде таныстыратын қоңыраулар, жалған инвестициялық ұсыныстар және әлеуметтік желілер арқылы алдау тәсілдері нақты мысалдармен түсіндірілді.

Мамандар интернетті қауіпсіз пайдаланудың негізгі ережелерін атап өтті: бейтаныс адамдарға жеке деректерді бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, тексерілмеген сайттардан сатып алмау және белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауларға сенбеу.

– Алаяқтар түрлі психологиялық әдістерді қолдана отырып, азаматтарды алдауға тырысады. Сондықтан әр адам өзінің киберқауіпсіздігіне мұқият қарауы қажет. Алдын алу – ең тиімді тәсіл, – дейді киберқылмыспен күрес басқармасының мамандары.

Полиция өкілдері тұрғындарды қырағы болуға және күмәнді жағдай туындаған кезде бірден құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру