Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында ұйымдасқан дропперлер тобы ұсталды

Алматы облысында ірі дропперлер тобы әшкереленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысының полиция қызметкерлері Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мен облыстық прокуратураның үйлестіруімен алаяқтық жолмен алынған ақшаны криптовалютаға айналдырумен айналысқан ұйымдасқан дропперлер тобының қызметін тоқтатты.

Тергеу барысында осы қылмыстық схемаға қатысы бар 20-дан астам тұлға анықталды. Олардың қатарында дроптар, дроп-жетекшілер, кураторлар мен менеджерлер болған.

– Әр қатысушы бірнеше банктік шотты (5-7-ге дейін) пайдаланып, әрбір транзакциядан 1-3% мөлшерінде сыйақы алып отырған. Жаңа дроптарды тарту Telegram арналары арқылы жүргізілген. Жедел іс-шаралардың нәтижесінде жалпы сомасы 8 миллион теңгеден астам қаржы қозғалысы тоқтатылып, ай сайынғы айналымы 100 миллион теңгеден асатын криптовалюталық әмиян анықталды. Бұл әмиянның қылмыстық схеманы ұйымдастырушыға тиесілі екендігі белгілі болды. Қазіргі уақытта банктерден қаржылық операциялар туралы ақпарат алу үшін қажетті құжаттар рәсімделіп, анықталған активтерді тәркілеу мәселесі қарастырылуда, – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жеті адам ұсталды, олардың арасында үш куратор, бір менеджер және үш дроппер бар. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға және күмәнді қаржылық ұсыныстардан бас тартуға шақырады. Бейтаныс адамдардың өтінішімен банктік шоттар ашу немесе қаржылық операцияларға қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Егер сіз осындай қызметтің құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу полицияға хабарласуыңызды сұраймыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру