Алматы облысында киберполиция ірі көлемдегі алаяқтықты әшкереледі
Алматы облысында киберполиция ірі көлемдегі алаяқтықты әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысында киберполицейлер мемлекеттік грант алуға көмек көрсетемін деген сылтаумен азаматтарды WhatsApp мессенджері арқылы алдап келген әйелдің заңсыз әрекетін тоқтатты.
– Жедел-іздестіру шаралары барысында Еңбекшіқазақ ауданында жергілікті тұрғын ұсталды. Тергеу барысында ол азаматтарды алдап, 5 миллион теңгеден астам қаражатты иемденгені анықталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу аясында оның заңсыз әрекеттерінің 10-нан астам эпизоды тіркелді, – деп хабарлады киберполицейлер.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті барлық қажетті тергеу шарасын жүргізу үшін полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады. Мемлекеттік органдардың атынан қаржылық көмек туралы күмәнді ұсыныстарға, әсіресе мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратылатын хабарламаларға сенбеуге кеңес береді.