Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында мал ұрлығын жасады деген күдікпен малшы ұсталды

Алматы облысында мал ұрлығын жасады деген күдікпен малшы ұсталып, айғақзаттар тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ескелді ауданы Ақын Сара ауылының учаскелік полиция инспекторы Мейір Ескендіров пен Қоңыр ауылының учаскелік полиция инспекторы Дастан Мадикенов  әкімшілік аумақты аралау кезінде «Алматы-Өскемен» автожолының бойында «Audi» маркалы көлікті тоқтатып, мал ұрысын айғақзаттармен ұстады. Тексеру барысында тәртіп сақшылары көліктен екі қой еті мен бес қойдың басын тапқан. Ет өнімдерінің тиісті құжаттарының жоқ екенін анықтаған полицейлер мән-жайды анықтау үшін күдіктіні және көлікті аудандық полиция бөліміне жеткізген. Тексеру барысында көліктен табылған бес қойдың шаруа қожалықтарының бірінен ұрланғаны әшкере болды.

– Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 188-1 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 34 жастағы күдікті қамаққа алынды. Айғақзаттар тәркіленіп, іс материалдарына тіркелді. Бұлтартпас айғақтардан кейін күдікті қылмысын толығымен мойындады. Күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде, – деді Ескелді ауданы ПБ бастығының уақытша міндетін атқарушы Нұржан Сейсенбеков.

Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, 34 жастағы күдікті шаруа қожалықта мал бағып жүріп, өз жұмыс берушісінен 11 қойды қолды қылған. Келесі күні 22 қарашада бес қойды сойып, етін сатып жіберген. Тағы да екі қойдың етін сату мақсатында облыс орталығына келе жатқан жолда қолға түскен. Аман қалған төрт қой тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру