Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында оқушыларға есірткінің зияны мен алаяқтардан қорғану жолдары айтылды

Алматы облысында оқушыларға алаяқтардан қорғану жолдары мен есірткінің зияны туралы айтылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау орталығының мамандары бірлесіп, оқушылар мен ұстаздарға арналған түсіндірме сабақтарын өткізді.

Іс-шара Іле ауданы Боралдай ауылындағы №23 және №54 орта мектептерінде өтті. "Цифрлық қауіпсіздік. Интернет алаяқтарынан қорғану жолдары және есірткінің зардабы мен зияны" тақырыбында өткен дәріске 500-ге жуық оқушы мен ұстаздар қатысты.

Шара барысында мамандар интернеттегі алаяқтық әрекеттердің жаңа түрлері туралы айтып, жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелер мен хабарламалардан сақ болу, күрделі пароль қолдану және екі факторлы аутентификацияны орнатудың маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар дәріс барысында есірткі қолданудың денсаулыққа, қоғамға және болашаққа тигізетін зияны кеңінен түсіндірілді.

Мұндай профилактикалық жұмыстардың өзектілігі артып отыр. Өйткені шетелдік ақпарат көздерінің хабарлауынша, жуырда АҚШ-тың 25 университетіне жасалған кибершабуылдар салдарынан 6 мыңнан астам ұстаз зардап шеккен. Хакерлер оқытушылардың төлем деректерін бұзып, жалақыларын өз есепшоттарына аударып отырған.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мұндай қылмыстық схемалардың басқа елдерге, соның ішінде Қазақстанға да таралу қауіпі бар екенін ескертеді. Сондықтан полиция қызметкерлері тұрғындарды цифрлық қауіпсіздік мәдениетін арттыруға, интернет алаяқтарының айласынан сақ болуға және кибергигиена ережелерін ұстануға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру