Алматы облысында ПД басшысы азаматтарды қабылдады
Алматы облысында полиция департаментінің басшысы азаматтарды қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев кезекті жеке қабылдауын өткізіп, өңір тұрғындарының көкейкесті мәселелерін тыңдады. Бұл кездесуде азаматтар қылмыстық істерді тергеу барысы мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты сұрақтарды ерекше атап өтті.
Әрбір өтініш мұқият қаралып, мәселелерді шешу мақсатында жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жедел берілді. Өз сөзінде Мейрам Әбікеев қабылдау барысында көтерілген барлық сұрақтардың жеке бақылауда болатынына және оларды белгіленген тәртіппен шешу үшін барлық қажетті шаралар қабылданатынына сендірді.
– Азаматтардың сенімі – біздің жұмысымыздың негізгі тірегі. Біз үшін қоғаммен ашық және мазмұнды диалог жүргізу аса маңызды. Мұндай кездесулер халықтың қажеттіліктерін тереңірек түсініп, қызметімізді ашықтық пен тиімділікке негіздеуге көмектеседі, – деп атап өтті облыстың бас полицейі.
Сонымен қатар ол тұрғындармен тұрақты байланыс полиция жұмысының өзекті мәселелерін дер кезінде анықтап, оларды шұғыл шешу мүмкіндігін арттыратынын айтты.
Биыл Алматы облысы полиция департаментінің басшылығы 356 азаматты қабылдаған. Оның ішінде 133 адам департамент бастығының қабылдауында болса, 223-ін орынбасарлары тыңдаған. Сондай-ақ өңірдегі қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің басшылары 1 337 азаматпен кездесіп, олардың өтініштеріне назар аударған.
Айта кету керек, азаматтармен тұрақты кездесулер Алматы облысы полиция департаментінің жұмысында маңызды орын алады. Бұл шаралар құқық қорғау органдары мен халық арасындағы сенімді нығайтып, тұрғындардың мәселелеріне жанашырлықпен қарауға мүмкіндік береді.