Алматы облысында полицейлер бірқатар мал ұрлығының бетін ашты
Алматы облысында полицейлер бірқатар мал ұрлығының бетін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәліметке сәйкес, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы маңында 31 жылқы ұрланған. Осы қылмысқа күдікті ретінде 42 және 22 жастағы екі азамат құрықталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Келтірілген жалпы шығын көлемі – 17 млн теңгеге жуық.
Күдіктілерге қатысты мал ұрлығы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Тергеу жалғасып жатыр.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, мал ұрлығының елеулі бөлігі малды қараусыз, бақылаусыз жаюдан туындайды.
- Малды көбіне бақташысыз, еркін жайылымға жібереді. Иелері жоғалғанын аңғарғанда, мал жайылымнан алыс кетіп қалды деп ойлап, өздері іздеуге кірісіп, уақыт жоғалтады. Ал ұрыларды ұстау мен ұрланған малды қайтаруда алғашқы сағаттар шешуші рөл атқарады, – деп атап өтті ведомствода.
Полиция ауыл тұрғындарын ауыл шаруашылығы жануарларының сақталуына ерекше көңіл бөлуге, оларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Азаматтарды малдың жоғалған алғашқы белгілері байқалған сәттен-ақ полицияға дереу хабарласуға үндейді. Осындай қылмыстардың алдын алып, ұрланған малды иелеріне қайтару тек ортақ күш-жігердің арқасында мүмкін болады.