Алматы облысында полицейлер интернет-алаяқтар ұрлаған көлікті иесіне қайтарып берді
Алматы облысында полицейлер интернет-алаяқтық салдарынан ұрланған көлікті иесіне қайтарып берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған оқиға Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш ауылында болған.
38 жастағы Алматы қаласының тұрғыны 20 шілде күні полицияға арыз түсіріп, алаяқтардың құрбаны болғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, ол Toyota Surf автокөлігін Ұзынағаштан Шымкент қаласына жеткізу үшін Della Fafa интернет-платформасы арқылы тасымал қызметіне тапсырыс берген. Жарнамаға жауап бергендердің бірі өзін көлік тасымалдау компаниясының өкілі ретінде таныстырып, қызмет көрсетуді ұсынған.
Алайда алаяқ, көлікке қол жеткізген соң, оны заңсыз иемденіп, белгісіз бағытта ізін суытып кеткен.
Аталған факті Жамбыл аудандық полиция басқармасында тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. 4 тамыз күні "Контрафакт" жедел-алдын алу шарасы аясында киберқылмыспен күрес басқармасы мен Жамбыл ауданының полицейлері бірлесіп жүргізген жедел іздестіру жұмыстары нәтижесінде автокөлік табылып, заңды иесіне қайтарылды.
Алматы облыстық полиция департаменті интернет арқылы жасалатын қылмыстарды анықтау және олардың алдын алу бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Құқық қорғау органдары азаматтарды онлайн мәмілелер жасасқанда барынша мұқият болуға, тек сенімді платформалар мен ресми тасымалдау қызметтерін пайдалануға шақырады.