Алматы облысында полицейлер мектептер маңында қауіпсіздікті қамтамасыз етеді
Алматы облысында полицейлер мектептер маңында қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу жылы басталып, көше жолдарында мектеп оқушылары көптеп жүргендіктен, балалардың қауіпсіздігі баршаның, әсіресе полиция қызметкерлерінің бірінші кезектегі міндетіне айналады. Мектеп оқушыларының қауіпсіз жүріп-тұруын қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының қаупін азайту мақсатында полиция қызметкерлері білім ошақтарының жанындағы жаяу жүргіншілер өткелдерінде белсенді қызмет атқаруда.
Таңнан кешке дейін полиция қызметкерлері мектеп оқушыларының жолдан қауіпсіз өтуін қамтамасыз ететін қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінде жұмыс атқарады. Демалыстан оралған балалар үшін, қауіпсіздікке назар аудару әсіресе оқу жылының алғашқы күндерінде өте маңызды.
– Біз балалардың жолда, әсіресе ұзақ жазғы демалыстан кейін, бей-жай және ұқыпсыз болуы мүмкін екенін түсінеміз. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – олардың жаяу жүргіншілер өткелдерінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүргізушілерге мектептер маңындағы жолдарда абай болу қажеттігін еске салу, – деді Қонаев ҚПБ бастығы Ұлан Садықов.