Алматы облысында полицейлер Мемлекеттік рәміздер күнін айрықша құрметпен атап өтті
Алматы облысының полицейлері Мемлекеттік рәміздер күнін айрықша құрметпен атап өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Полиция департаментінің алдында өткен шараға барлық бөлімшелердің жеке құрамы сап түзеп, мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетті. Шара барысында Ту көкке көтеріліп, Мемлекеттік Әнұран шырқалды — бұл Отан алдындағы адалдық пен қызметтік парыздың символына айналды.
Облыстық полиция басшылығы жеке құрамды мерекемен құттықтап, Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – бұл тек ресми рәсім емес, сонымен қатар әр қызметкердің жүрегінде орныққан патриоттық сана мен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі екенін атап өтті.
– Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігінің айғағы. Ту – ұлтымыздың мақтанышы, Елтаңба – мемлекетіміздің болмысы, ал Әнұран – халықтың рухын білдіретін үн. Біз, құқық қорғау органдарының өкілдері, осы нышандар аясында ел тыныштығын қамтамасыз етіп келеміз. Олар – біздің бірлігіміздің, айбынымыздың және елге деген адалдығымыздың белгісі, – деді ПД бастығының орынбасары Ақылбек Төлеуов.
Бұл күн полиция қызметкерлері үшін тек мереке емес, Отан алдындағы қызметті абыроймен атқаруға деген берік уәдені еске салатын маңызды сәт болды.