Алматы облысында полицейлер оныншы есірткі зертханасын жойды
Алматы облысында полицейлер оныншы есірткі зертханасын жойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Алматы облысының полицейлері кезекті зертхананы әшкерледі.
– Синтетикалық есірткі өндіретін ірі зертхананы тәртіп сақшылар Қарасай ауданының саяжай алаптарының бірінің аумағында анықтады. Үйдің ауласындағы гаражды тінту кезінде синтетикалық есірткі жасауға қажетті реактивтер, контейнерлер мен басқа да заттар табылды. Сонымен қатар күдіктінің жеке учаскесінде полиция 18 қарасора бұтасын қазып алды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп атап өтті Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.
Зертхана «синтетика» өндірісінің бастапқы сатысында жойылды. Есірткі өндірушіден 200 граммнан астам мефедрон және синтетикалық есірткі өндіруге арналған 1,5 келіден астам прекурсорлар тәркіленді.
Күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Жыл басынан бері Алматы облысының полицейлері он есірткі зертханасын жойды.