Алматы облысында полицейлер өртенген үйден анасы мен үш баласын аман алып шықты
Алматы облысы Өтеген батыр ауылында полицейлер өртенген үйден анасы мен үш баласын аман алып шықты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
13 тамыз күні полицияға Өтеген батыр ауылындағы көппәтерлі үйде өрт шыққаны жөнінде дабылды хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел түрде полиция бөлімінің бастығы Бауыржан Даркенбаев және полиция қызметкерлері Жеткен Саудақас пен Азамат Аметов келіп жетті.
Үйге кірген тәртіп сақшылары бөлмелерді қою түтін басып кеткенін анықтады. Сол сәтте олар үш кішкентай баласы бар әйелді байқап, олардың өміріне төнген қауіптің аса жоғары екенін түсінді. Бір сәт те кідірместен, полиция қызметкерлері көмекке ұмтылды.
— Мұндай жағдайда ең бастысы – жедел әрі үйлесімді әрекет ету. Себебі есеп секундтармен жүреді, — деді Бауыржан Даркенбаев.
Өрт сөндірушілермен бірлесе жұмыс істеген тәртіп сақшылары арнайы техника баспалдағы арқылы отбасын қауіпсіз жерге шығарып, көшеде медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсетті. Үйді қосымша тексеру кезінде полицейлер газ баллонын тауып, оны жарылыс пен ауыр зардаптардың алдын алу үшін дереу қауіпсіз жерге шығарды.
— Азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі – біздің басты міндетіміз. Біз әрқашан, тіпті өз өмірімізге қауіп төнсе де, көмек көрсетуге дайынбыз, — деп атап өтті құтқаруға қатысқан полицейлер.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында әйел мен оның үш баласының өмірі аман қалып, ауқымды қираудың алды алынды. Алматы облысы полиция департаменті бұл жағдайды құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жанқиярлығы мен жоғары кәсібилігінің жарқын үлгісі ретінде бағалады.