Алматы облысында полицейлер қаза тапқан қызметкерлердің құрметіне волейбол турнирін ұйымдастырды
Алматы облысында полицейлер қаза тапқан қызметкерлердің құрметіне волейбол турнирін ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының полиция қызметкерлері қаңтар айындағы тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқан әріптестеріне арналған волейбол турнирін өткізді.
Алматы облысы Полиция департаментінің спорт кешеніне құқық қорғау, арнайы органдардың, сондай-ақ біздің өңірдің әскери бөлімдерінің 9 командасы жиналды.
– Жарыс көптеген жанкүйерлердің қатысуымен өте жақсы деңгейде өтті. Турнир иелері – облыстық Полиция департаментінің командасы жеңімпаз атанды. Екінші орын – Төтенше жағдай департаменті командасына берілді. Үшінші орынды 18 404 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жеңіп алды, – деп түйіндеді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Жеңімпаздарды сыйлықтар, кубоктар, грамоталар және тұрмыстық техника түріндегі бағалы сыйлықтар күтіп тұрды. Сөз соңында құрметті қонақтар барлық қатысушыларды жеңісімен құттықтап, қаза тапқан қызметкерлерді еске алуға арналған турнир тұрақты негізде өтетініне уәде берді.