Алматы облысында полицейлер сегіз мас жүргізушіні анықтады
Алматы облысында полицейлер сегіз мас жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысында полицейлер жедел алдын алу іс-шарасының үш күнінде сегіз мас жүргізуші-тасымалдаушыны анықтады.
– ЖПІШ-ның негізгі мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылауды күшейту, жолаушылар мен жүктерді заңсыз тасымалдау фактілерін анықтау, сондай-ақ жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке тұлғалар жол беретін бұзушылықтардың жолын кесу, – деп атап өтті Алатау қаласы ПБ ӘПБ бастығы Айдос Молдағалиев.
Үш күн ішінде полиция қызметкерлері 578 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Олардың ішінде мас күйінде көлік құралдарын басқарудың 8 фактісі бар. Бұл жүргізушілер көлікті басқарудан дереу шеттетілді, оларға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды.
Сонымен қатар жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзудың көптеген жағдайлары, жүргізушілерде тиісті рұқсат құжаттары мен көлік құралдарын техникалық тексерудің болмауы анықталды. Балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға, автокөліктің жай-күйін бақылауға, сондай-ақ жолдарда белгіленген жылдамдық нормаларын сақтауға ерекше назар аударылды.
– Мұндай іс-шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуда, жолдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруда және жүргізушілер мен жолаушылар арасында жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, – деп толықтырды А.Молдағалиев.
Полицейлер жүргізушілер мен жолаушыларды жол қауіпсіздігі ережелерін сақтауға және жол қозғалысының барлық қатысушыларының өмірі мен денсаулығын сақтау үшін заңнамалық нормаларды қатаң сақтауға шақырады.