Алматы облысында полицейлер түлектермен кәсіби бағдар мен есірткіге қарсы кездесу өткізді
Алматы облысында полицейлер түлектермен кәсіби бағдар мен есірткіге қарсы кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысында мектеп бітіруші түлектерге арналған кәсіби бағдар беру және есірткіге қарсы бағыттағы ақпараттық-алдын алу кездесулері жалғасуда. Өңір полицейлері жас буынға ішкі істер органдарындағы қызметтің мәні мен маңызы туралы кеңінен әңгімелеп, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын түсіндірді.
Кездесу барысында тәртіп сақшылары оқушыларға заң талаптарын сақтау мен жеке жауапкершіліктің маңызын еске салды. Қылмыстық кодекс пен есірткі айналымына қатысты заңнама нормалары таныстырылып, тыйым салынған заттарды сақтау, қолдану және тарату салдарының салмақтылығы нақты мысалдармен түсіндірілді.
– Біздің басты мақсатымыз – жастарға заңға бағынудың маңызын ұғындырумен қатар, оларға дұрыс жолды, яғни қоғамға, заң мен тәртіпке қызмет етудің абыройлы екенін көрсету, – деп атап өтті кездесуді ұйымдастырған полицейлер.
Шара барысында деректі бейнематериалдар көрсетіліп, нақты өмірлік оқиғалар арқылы есірткінің зияны мен оның қайғылы салдары жайында терең мәлімет берілді. Бұл кездесулер кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған республикалық бағдарлама аясында өткізіліп отыр.
Полицейлердің айтуынша, қазіргі замандағы сын-қатерлерді ескере отырып, әрбір жасөспірімнің заң жолын саналы түрде таңдауы – ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тұрақтылықтың кепілі. Мұндай кездесулер жас ұрпақтың бойында құқықтық сана мен жауапкершілікті арттыруға, болашаққа дұрыс бағыт таңдауға ықпал етеді.