Алматы облысында полицейлер жеке күзет ұйымдарының басшыларымен кездесті
Алматы облысында полицейлер жеке күзет ұйымдарының басшыларымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық ПД күзет қызметін бақылау бөлімі криминалдық полиция басқармасы мен экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен бірлесе отырып, Алматы облысы жеке күзет ұйымдарының басшыларымен кездесуге бастамашы болды.
Жиналысқа қатысушыларға террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғау саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің талаптары, оның ішінде өткізу режимін ұйымдастыру тәртібі, күдікті заттар анықталған жағдайда, сонымен қатар білім беру ұйымдарында террористік қауіп туындаған кезде күзет қызметкерлерінің іс-әрекеттері түсіндірілді.
Сонымен бірге қылмыстардың алдын алу, жолын кесу және ашу, сондай-ақ жеке күзет ұйымдарының көше қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысуын кеңейту мәселелері қарастырылды.
Кездесудің соңында азаматтарды пәтерлерден және басқа да объектілерден ұрлықтың алдын алудың тиімді құралы – үй-жайларды орталықтандырылған бақылау пультіне қою туралы хабардар ету қажеттілігі туралы мәселе көтерілді. Техникалық құралдардың бұл түрі бүгінгі таңда ең сенімді құралдардың бірі.