Алматы облысында полиция 190 қолайсыз отбасыны тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерді
27 ақпан мен 1 наурыз аралығында Алматы облысында полиция қызметкерлері «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Рейдтердің басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ ата-аналардың балаларының тәрбиесіне жауапкершілігін арттыру болды.
Видео • YouTube
– Іс-шара барысында 474 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Олардың қатарында ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамауы, кәмелетке толмағандар арасындағы буллинг, 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің ұсақ бұзақылық жасауы, кәмелетке толмағандардың қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішуі және заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 23:00-ден кейін көшеде жүруі бар, – деп хабарлады полиция қызметкерлері.
Профилактикалық шаралар аясында бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін бұзған 19 ата-ана есепке қойылды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері есепте тұрған 152 кәмелетке толмағанды және 190 қолайсыз отбасыны тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерді.
Профилактикалық әңгімелер өткізу және әкімшілік хаттамалар жасау мақсатында полиция бөлімшелеріне 446 кәмелетке толмаған жеткізілді, олардың 365-і – түнгі уақытта көшеде жүргені үшін жеткізілген.