Алматы облысында полиция туристерді ақпараттандыру жұмыстарын күшейтуде
Алматы облысында полиция туристерді ақпараттандыру жұмыстарын күшейтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы жылдары еліміз шетелдік азаматтар үшін туристік бағыт ретінде үлкен қызығушылық тудыруда. Осыған байланысты Алматы облысында полиция қызметкерлері туристердің елімізде жайлы әрі қауіпсіз демалуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды күшейтіп, олардың ақпараттық қолжетімділігіне ерекше мән беруде.
– Басым бағыттардың бірі – құқық бұзушылықтардың алдын алу және туристерді мүліктік, экологиялық, өрт қауіпсіздігі мен жеке қауіпсіздік ережелері туралы хабардар ету. Туристік аймақтарда полиция қызметкерлері жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бірнеше тілде ақпараттық жадынамалар таратады. Сондай-ақ туристік агенттіктермен және қонақүйлермен бірлесе отырып, шетелдік қонақтарға өзекті ақпаратты уақытылы жеткізу шараларын жүзеге асыруда, – деді ведомствода.
Бұдан бөлек, туристер көп жиналатын орындарда арнайы туристік полиция бекеттері мен мобильді патрульдер ұйымдастырылған. Мұнда азаматтар қажетті кеңес алып, жедел көмекке жүгіне алады. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында заманауи цифрлық технологиялар да енгізілуде. Туристік нысандарда орнатылған QR-кодтар ресми интернет-ресурстарға сілтеме жасап, елдегі тәртіп ережелері, қауіпсіздік шаралары және төтенше жағдайларда әрекет ету бойынша маңызды ақпаратпен қамтамасыз етеді.
– Полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындармен де тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, туристерге деген құрмет пен қонақжайлылық мәдениетін қалыптастыруға күш салуда. Бұл еліміздің қауіпсіз және ашық туристік бағыт ретіндегі беделін арттыруға сеп болады. Қауіпсіз туризм – бұл мемлекеттік органдар мен қоғамның ортақ міндеті, – деп толықтырды полицейлер.