Алматы облысында қоян-қолтық ұрыстан жарыс өтті
Алматы облысы полиция департаментінің және ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери бөлімдері қызметкерлері арасында қоян-қолтық ұрыстан облыстық іріктеу жарысы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Спорттық сайыстың салтанатты ашылуында сөз сөйлеген облыстық полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев мұндай жарыстардың полиция қызметкерлері үшін маңызды екенін айтып, әрбір полицей спортты насихаттау керектігін жеткізді.
- Мұндай сайыстар спортшылардың тек физикалық күйін жақсартып қана қоймай, командалардың ортақ рухын көтереді. Әр бәсеке жаңа чемпиондарға жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Біз әрдайым спортшыларды қолдауға дайынбыз, - деп атап өтті Мейрам Әбікеев.
Кіл жүйріктер бақ сынасқан жарыс тартысты өтті. Командалық есепте Алматы облыстық полиция департаменті бірінші орынды иеленсе, екінші орынды Талғар АПБ, үшінші орынға Қонаев АПБ ие болды.
Сондай-ақ "Жеңіске деген жігері үшін” және “Мықты техникасы” үшін номинациясының да жеңімпаздары анықталып, марапатталды. Мұндай сайыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.