Алматы облысында құжатсыз жүрген 39 адам жеке куәлігін алды
Алматы облысында құқық қорғау органдары 11-15 қараша аралығында құжатсыз жүрген азаматтарға көмек көрсету мақсатында ауқымды іс-шара өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл бастаманы көші-қон қызметінің қызметкерлері БҰҰ және Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро өкілдерімен бірлесе отырып ұйымдастырды.
Атқарылған жұмыстар аясында мемлекеттік органдар мен құқық қорғау ұйымдарының өкілдері Еңбекшіқазақ, Іле және Жамбыл аудандарына, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығына арнайы сапар жасады. Бұл кездесулердің басты мақсаты – құжатсыз жүрген тұлғаларды анықтап, оларға қажетті көмек көрсету.
Іс-шараның қорытындысы бойынша, 54 адам құжат рәсімдеуге көмек сұрап жүгінді. Олардың азаматтық мәртебесін анықтау немесе азаматтығы жоқ деп тану жөніндегі өтініштері қабылданды. Қазіргі уақытта барлық өтініштер Алматы облыстық көші-қон қызметі басқармасының қатаң бақылауында. Айта кетерлігі, республикалық акция басталғаннан бері 39 азамат жеке басын куәландыратын құжатқа қол жеткізді.
Бұл бастама құжатсыз жүрген адамдарға заңды сәйкестікті қамтамасыз етіп, қоғам өміріне толыққанды қатысуға мүмкіндік беру мақсатында іске асырылуда. Көші-қон қызметінің өкілдері облыс тұрғындарын құжат рәсімдеуге мұқтаж адамдар туралы жергілікті көші-қон қызметі бөлімшесіне хабарлауға шақырады. Сонымен қатар, әр өңірде құқықтық қолдау мен кеңес беруге жауапты қызметкерлер тағайындалған.