Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында сотталғандар арасында грек-рим күресінен турнир өткізілді

Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару департаментінің Заречный ауылындағы №12 мекемесінде тұңғыш олимпиада чемпионы, даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған грек-рим күресінен турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақ спортында ойып тұрып орын алған Халықаралық спорт шебері Жақсылық Үшкемпіровтың өмірден өткеніне биыл 14 жыл болды. Бұл жолы грек-рим күресінен өткен турнир сотталғандар арасында ұйымдастырылды.

Еске алу түрниріне қонақ болып келген елге танымал айтыскер ақындар – Сырым Әуезхан мен Жандарбек Бұлғақовтар турнирге қазылық етіп қана қоймай, сотталғандарға өз өнерлерін де көрсетті. Соңғы жылдары айтыс ақындары қоғамдағы өзекті мәселелерді екеуара айтыс арқылы елге жеткізіп жүргені мәлім. Олар тағдырдың талқысына түскен сотталғандарға турнир барысында өздерінің уытты айтыстарымен естен кетпес көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ қонақтар арасында грек-рим күресінен Азия чемпионы, Қонаев қаласының құрметті азаматы, қалалық спорт мектебінің директоры Дамир Кузембаев та болды.

Тағы бір айта кететін жәйт – қатаң режимдегі мекемеде жазасын өтеуші сотталғандар арасында спорт шеберлігіне кандидат атанғандар да баршылық. Турнир барысында олар күрес алаңында тек бақ сынасып қана қоймай, жігері мен күштерін де шыңдай түсті. Жарысқа грек-рим күресінен спорт шебері болған сотталған азаматтың өзі төреші болды.

Қазақтың бетке ұстар балуаны Жақсылық Үшкемпіровты еске алуға арналған турнирге қатысушылар боз кілемде шынығып қана қоймай, жүлделі орындармен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру