Алматы облысында “Таза Қазақстан” акциясы аясында іс-шаралар өткізіліп жатыр
Алматы облысында “Таза Қазақстан” акциясы аясында іс-шаралар өткізіліп жатыр, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері республикалық “Таза Қазақстан” акциясы аясында белсенді іс-шаралар өткізуді жалғастыруда. Бұл жұмыстың басты мақсаты – қоғамда ұсақ құқық бұзушылықтарға “нөлдік төзімділік” қағидасын қалыптастыру және өңірдің санитарлық жағдайын жақсарту.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, полицейлер абаттандыру ережелерін бұзу, тұрмыстық қалдықтармен қоршаған ортаны ластау және рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау бойынша рейдтер мен профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Әсіресе елді мекендердің айналасындағы аумақтарға, су айдындары мен орман алқаптарына ерекше назар аударылуда.
– Мұндай акциялар халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. Тазалық пен тәртіпті сақтау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың міндеті. Облыс тұрғындарын бей-жай қарамауға, экологиялық нормаларды сақтауға және қоршаған ортаның ластануы фактілері туралы хабарлауға шақырамыз, – деп атап өтті табиғатты қорғау полициясы.