Алматы облысында триатлоннан республикалық чемпионат өтті
Алматы облысында есірткіге қарсы триатлоннан республикалық чемпионат өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен демалыс күндері облыс орталығында спринт қашықтығында триатлоннан республикалық чемпионат өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен әртүрлі спортшылар қатысты. Бұл чемпионаттың басты мақсаты – триатлоннан Азия кубогына қатысу үшін үздік жеңіл атлеттерді іріктеу.
– Жарысқа 150-ге жуық триатлоншы қатысты, олардың негізгі бөлігі – жастар. Олардың құқықтық сауаттылығы мен дене дайындығын арттыру, спорт арқылы жоғары моральдық қасиеттерді, ерік-жігерді, табандылықты, табысқа ұмтылуды және салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу – біздің ортақ міндетіміз, – деді Алматы облысы ПД ЕҚҚІҚБ бастығы Ардақ Қайсаров.
Үш кезеңнен тұратын спорттық жарыста спортшылардың міндеті – Қапшағай су қоймасының ашық суында 750 метр жүзу болды. Әрі қарай, үзіліссіз 20 шақырымдық веложарыста бақ сынасты. Үшінші тур – 5 шақырымдық жеңіл атлетика.
– Есірткі – ғасыр дерті. Жастарымыздың физикалық денсаулығын және психикасын құртады, осыған байланысты бұл зұлымдықпен қарқынды күресу керек, өйткені еліміздің болашағы жастардың қолында, – деп толықтырды А.Қайсаров.
Іс-шара жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен аяқталды. Кейін облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жастарды салауатты өмір салтына шақыратын тақырыптық брошюралар таратты.