Алматы облысында түнгі уақытта жалғыз жүрген жүргіншілерге қарулы қарақшылық шабуыл жасаған үшеу ұсталды
Алматы облысында түнгі уақытта жалғыз жүрген жүргіншілерге қарулы қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық үштік ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
6, 7 және 9 қараша күндері Қарасай аудандық Полиция басқармасының кезекші бөліміне Қарасай ауданының үш тұрғыны өздеріне түнгі уақытта қарулы қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы арызданған. Барлық үш эпизодта да тапаншамен және батырма арқылы лақтырылатын жиналмалы пышақпен қаруланған, кепка мен бетперде киген үш азамат бой көрсеткен.
Қылмыскерлер күш қолдану арқылы (олар ер адамдарды ұрып-соққан) жәбірленушілерді қорқытып, олардың құны 330 мың теңгеден 840 мың теңгеге дейінгі қымбат ұялы телефондарын тартып алған. Олар сұр түсті Huyndai Elantra автокөлігімен жүрген. Аталған деректер ҚР ҚК-нің 192-бабы 2-бөлігінің 1,4-тармақтары (Адамдар тобы жасаған қарулы қарақшылық) бойынша тіркелді.
Қарасай АПБ КПБ және Алматы облысы ПД КПБ қызметкерлерінің белсенді жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде қылмыскерлер анықталып, Алматы қаласында ұсталды. Олардың бұрын тонау, қарақшылық, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және көлік ұрлығы үшін сотты болғаны анықталды. Күдіктілерден пышақ, тапанша, маска, ұрланған екі телефон алынды (олар үшінші телефонды сатып үлгерген, қазіргі уақытта оны іздеу жұмыстары жүргізілуде). Қылмыстық үштіктің жалдамалы көлікпен әрекет еткені белгілі болды. Тергеу соты барлық үш күдіктіге олардың қылмыстық тәжірибесін ескере отырып, сотқа дейінгі тергеу кезеңінде қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.Өзге ақпарат ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.