Алматы облысында тұрғындарды өрттен құтқарған полицейлер марапатталды
Алматы облысының полиция департаментінде өткен сегіз айдың қорытындысы бойынша жедел кеңесте өрт кезінде адамдарды құтқарған полицейлер марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 тамызда Алатау қалалық полиция бөлімінің патрульдік полицейлері Әділет Шәріпханов пен Мирасбек Нұрбаев Іле ауданының Боралдай кентінде жеке тұрғын секторды патрульдеу кезінде үйлердің бірінде өрт болып жатқанын байқаған. Көп ойланбастан офицерлер өрт сөндіру қызметін шақырып, адамдарды құтқара бастады. Олар өртеніп жатқан үйдің тұрғындарын, олардың арасында әжесі мен жас балаларды жалыннан аман-есен шығарып үлгерді.
– Әділет Шәріпханов пен Мирасбек Нұрбаевтың әрекеті – қызметтегі әрбір адамды шабыттандыратын қайсарлықтың, батылдық пен кәсібиліктің жарқын үлгісі. Олар қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша өз міндеттерін орындап қана қоймай, өз бастарына қауіп төнсе де, адамдардың өмірін сақтап қалды, – деп атап өтті облыстық тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Абылай Нұрымов.
Бұл оқиға қоғамда полиция қызметінің маңыздылығын айғақтап, тыныштығымыз бен қауіпсіздігімізді күзететін нағыз қаһармандардың әрқашан қасымызда екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.