Алматы облысында ұрлық үш есеге азайды
Алматы облысында ұрлық деректері шамамен үш есеге азайды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысында мүлікті ұрлауға қатысты қылмыстардың саны тұрақты түрде төмендеп келеді.
Полицияның мәліметінше, осы жылдың бірінші тоқсанында бөтеннің мүлкін ұрлау деректері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,7%-ға азайған. Бұл көрсеткіштің ішінде ауыр санаттағы ұрлықтардың саны 45,7%-ға төмендегені айтарлықтай байқалады.
Сонымен қатар бұл санаттағы қылмыстардың ашылу деңгейі де едәуір жақсарды. Жалпы ашылу көрсеткіші 7,4%-ға өскен, ал ауыр ұрлықтар бойынша бұл көрсеткіш 17,2%-ға артқан. Мұның бәрі жедел-іздестіру шараларының тиімді ұйымдастырылғанын және халықпен өзара іс-қимыл деңгейінің жоғарылағанын көрсетеді.
Мал ұрлығы деректері де 19%-ға төмендеген. Ауыл шаруашылығы саласының маңыздылығын ескере отырып, бұл мәселе ерекше бақылауға алынған және жергілікті учаскелік инспекторлар мен мобильді топтардың қатысуымен жүргізілген профилактикалық шаралардың тиімді нәтижесі байқалуда.
Интернет-алаяқтығымен күрестегі айтарлықтай жетістіктер де назар аударарлық. Өткен жылы бұл қылмыстардың ашылу деңгейі 20,6% болса, биылғы көрсеткіш 52,6%-ға жеткен. Мұндай нәтижеге заманауи технологияларды белсенді пайдалану, цифрлық іздерді талдау және тиісті ведомстволармен ынтымақтастық арқылы қол жеткізілген.
Бұл оң көрсеткіштер ішкі істер органдарының алдын алу шараларының тиімділігін, талдауға негізделген жұмыстың нәтижесін және полиция қызметкерлерінің кәсібилігін дәлелдейді.
Алдағы уақытта да қоғамдық тәртіпті нығайту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.