Алматы облысында ұрылар әшкереленді
Алматы облысында жеке үйлерді тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылдың қараша-желтоқсан айларында Алматы облысының Жамбыл ауданында жеке үйлерден жасалған бірнеше жеке мүлік ұрлығы тіркелді.
Ұрылар барлық құнды заттарды, киім, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, тұрмыстық техниканы қолды қылған. Аталған деректер Қарғалы, Қасымбек, Ұзынағаш кенттері мен Қазыбек бек станциясында орын алған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары 23 пен 29 жас аралығындағы төрт адамнан құралған қылмыстық топтың ізіне түсті. Оларды жеңіл пайдаға деген құштарлық біріктірген.
Ұсталғандардың барлығы өз әрекеттерін мойындап, ұрланған мүліктің бір бөлігін, атап айтқанда, ішік, ноутбук, планшет және басқа да құнды заттарды өз еркімен қайтарып берді. Күдіктілер зергерлік бұйымдарды тапсырған ломбардтарды да көрсетті.
Сотқа дейінгі тергеу кезеңінде төрт күдікті де соттың санкциясымен қамауға алынды. Құқық қорғау органдары олардың басқа да ашылмаған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеретін болады.
Ұрланған заттары қайтарылған жәбірленушілер полиция қызметкерлеріне өз алғыстарын білдірді.