Алматы облысында үздік полицейлер марапатталды
Алматы облысында үздік полицейлер марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық полиция департаментінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күнін мерекелеуге арналған салтанатты шара өтті.
Салтанатты рәсімді ашқан департамент бастығы Бауыржан Аленов жеке құрам мен ІІО ардагерлерін мемлекеттік мерекемен құттықтады.
– Құрметті әріптестер! Құрметті ардагерлер! 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда біздің халқымыз Қазақстанды зайырлы, құқықтық және унитарлық мемлекет деп жариялаған негізгі Заңды қабылдады. Конституция тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының алғашқы жылдарындағы саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени реформалардың қорытындысы және сонымен бірге жаңа конституциялық қатынастарды қалыптастырудың негізі болды. Конституцияның қабылдануымен ел үшін жаңа дәуір келді. Халықтың бірлігі, қоғамдық және рухани келісім, саяси тұрақтылық конституциялық құрылыстың негізі ретінде бүгінгі таңда қоғамымыздың ерекше құндылықтарын құрайды, – деп атап өтті Б. Аленов.
Ел Конституциясының қағидатты ережелері мемлекеттің құқық қорғау органдары, оның ішінде ішкі істер органдары қызметінің құқықтық нормаларын қатаң реттейді, олардың негізгі міндеттерінің бірі әрбір адамға Конституция нормаларын құрметтеуге, азаматтар құқықтарын түсінуге және олардың мүдделерін қорғауға дайын болуға үйрету болып табылады.
Іс-шара барысында 185 қызметкер қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін медальдармен, сондай-ақ грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.