Алматы облысында заңсыз балық аулаған браконьер ұсталды
Қапшағай су қоймасында заңсыз балық аулаған браконьер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу аясында Қонаев қаласында табиғатты қорғау полициясының қызметкері мен Қапшағай балық инспекциясы бөлімінің бас мамандарымен бірлесіп 5 қарашада Еңбекшіқазақ ауданының тұрғынын ұстады. Ер адам осы аймақтағы тыйымға қарамастан, Қапшағай су қоймасында моторлы қайық пен моножіпті торды пайдаланып заңсыз балық аулаған.
– Ұсталған кезде құқық бұзушыдан салмағы 32,6 кг балық тәркіленіп, мемлекетке 376 мың теңге шығын келтіргені анықталды. Заңсыз балық аулау фактісі қалалық полицияда тіркелді, ал тәркіленген балық арнайы қабылдағышқа өткізілді – дейді Қонаев қаласы ПБ ЖПҚБ ТҚТ инспекторы Мұрат Құдайбергенов.
Браконьерліктің жолын кесу бойынша профилактика жүргізу – Алматы облысының табиғи ресурстарын қорғаудағы негізгі бағыттардың бірі. Табиғатты қорғау полициясы мен басқа да мүдделі қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында балық пен басқа да табиғи ресурстарды заңсыз алу жағдайларын жедел анықтауға және жолын кесуде себепкер болуда.