Алматы облысында заңсыз балық аулағандар ұсталды
Алматы облысының полицейлері заңсыз балық аулауды кәсіп қылған қос тұрғынды құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Балқаш ауданының тәртіп сақшылары Орақбалға ауылының маңындағы көлдердің бірінен рұқсатсыз балық аулаған екі тұрғынды ұстады. Қолданыстағы заң талабын өрескел бұзған екі тұрғыннан балықтармен қатар, пластикалық ау тәркіленді.
– «Іле – Балқаш» табиғи резерватының инспекторларымен бірлесе отырып, Балқаш көлінің маңындағы көлдердің бірінен 41 және 43 жастағы екі тұрғын ұсталды. Олардың балық аулау үшін заңмен тыйым салынған пластикалық ауды пайдаланғаны анықталды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Балқаш ауданының ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Азамат Абдрахманов.
Тәртіп сақшылары тәркілеген синтетикалық ауларды өртеп жіберсе, 60 келіден астам түрлі балықты арнайы қабылдау орындарына өткізді.
Табиғат қорғау қызметкерлері қос тұрғынның мемлекетке келтірген материалдық шығындарын есептеуде.