Алматы облысында жас кадеттер "Қауіпсіз жол" іс-шарасына қатысты
Алматы облысында жас кадеттер "Қауіпсіз жол" іс-шарасына қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарасай ауданында өтіп жатқан "Қауіпсіз жол" жедел алдын алу іс-шарасы аясында ерекше акция ұйымдастырылды. Іс-шараға Қаскелең қаласындағы Белинский атындағы мектептің кадеттері қатысып, полиция қызметкерлерімен бірге жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысты.
Алдымен жас тәртіп сақшылары аудандық полиция басқармасына барып, кезекші бөлімнің, арнайы техникалардың, қызметтік киімдердің және полиция қызметінің ерекшеліктерімен танысты. Кейін жол-патрульдік полиция инспекторларымен бірге рейдке шықты.
Полицейлер мектеп оқушыларына жол қозғалысы ережелерін тағы бір рет еске салып, өзгелерге үлгі болудың маңыздылығын түсіндірді. Кадеттер бұл жолы тек тыңдаушы емес, белсенді қатысушы ретінде жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге қауіпсіздік қағидаларын өздері түсіндірді.
– Біз енді ережелерді өзіміз ғана біліп қоймай, оларды кішкентайларға да түсіндіре аламыз. Қай жерден өту керек, неге қауіпсіздік белдігін тағу маңызды – бәрін қарапайым тілмен жеткіземіз, – деп әсерімен бөлісті жас қатысушылар.
Мұндай бастамалар оқушылар арасында қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, болашақта абыройлы мамандықты таңдауға да ықпал етеді. Облыстық полиция қызметкерлері мектеп оқушыларын профилактикалық жұмысқа тарту және қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы әріптестікті нығайту тәжірибесін жалғастырмақ.