Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында "Жас сақшы" полиция сыныбының оқушылары ант қабылдады

Алматы облысында "Жас сақшы" полиция сыныбының оқушылары ант қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Жас сақшы" полиция сыныптарының жоспарлы іс-шаралар кестесіне сәйкес патриоттық бағыттағы кездесу Іле ауданының №38 гимназиясында өтті.

Іс-шара барысында 7-сынып оқушылары салтанатты түрде ант қабылдап, полиция қатарына қосылудың алғашқы қадамын жасады. Бағдарлама аясында жасөспірімдерге Калашников автоматының құрылымы көрсетіліп, оны бөлшектеу және жинау тәртібі іс жүзінде түсіндірілді. Сондай-ақ көрсетпелі күрес тәсілдері мен саптық дайындық элементтері таныстырылды.

Сонымен қатар "Заң мен тәртіп", "Міндет. Ерлік. Абырой" тақырыптарында мазмұнды әңгімелер жүргізіліп, жас сақшылардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік пен адалдық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған түсіндірме жұмыстар ұйымдастырылды.

Іс-шараға 300-ге жуық оқушы мен 50-ден астам қонақ қатысты. Олардың қатарында Алматы облысының құқық қорғау органдарының өкілдері, ата-аналар комитетінің мүшелері, аудандық және облыстық білім басқармаларының қызметкерлері болды. Мектеп оқушыларының шағын концерттік бағдарламасы және гироскутермен мемлекеттік Туды алып шыққан "Жас сақшы" тобының әсерлі көрінісі көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

"Жас сақшы" жобасы – жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті нығайту, тәртіп пен патриоттық рухты қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақты елге адал қызмет етуге, Отанын қорғауға және құқықтық қоғам құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру