Алматы облысында "Жастар есірткіге қарсы" қысқы акциясы өтті
Алматы облысында "Жастар есірткіге қарсы" қысқы акциясы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қонаев қаласының мұз айдынында "Жастар есірткіге қарсы" атты алдын алу акциясын ұйымдастырды. Бұл шара салауатты өмір салтын насихаттау мен есірткінің зиянды әсерін болдырмауға бағытталды.
– Акцияның негізгі мақсаты – жастарды спортқа баулу, олардың есірткіден алыс болуын қамтамасыз ету және зиянды әдеттерден аулақ болудың маңыздылығын түсіндіру. Іс-шара аясында мұз үстінде спорттық ойындар мен жарыстар ұйымдастырылды. Жасөспірімдерге спорттың тек қызықты уақыт өткізу ғана емес, сондай-ақ денсаулықты нығайтудың, тәртіп пен жетістіктерге жетудің сенімді жолы екені ескертілді, – деп атап өтті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері.
Шара барысында қатысушыларға есірткіден сақтану жолдары, тәуелділіктің алдын алу туралы кеңестер және көмек көрсету қызметтерінің байланыс нөмірлері жазылған ақпараттық материалдар таратылды.
Полицейлер осындай акциялардың жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор ықпал ететініне сенім білдірді. Сондай-ақ есірткіге қарсы күрес – полицияның басты міндеттерінің бірі екендігін атап өтіп, барлық қатысушыларға алғыс айтты.