Алматы облысында Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымды патриоттық іс-шара өтті
Алматы облысында Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымды патриоттық іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қонаев қаласының орталық саябағында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымды патриоттық іс-шара өтті. Айтулы мерекелік кешті Алматы облысы полиция департаментінің қызметкерлері мен "Жас сақшы" мамандандырылған сыныптарының оқушылары бірлесіп ұйымдастырды.
Кештің шарықтау шегі – полиция қызметкерлерінің орындауындағы концерттік бағдарлама болды. Сахна төрінде шырқалған соғыс жылдарының әндері көрермендердің жүрегін тербетіп, толқытты. Ән арқылы берілген Жеңіс рухы, ардагерлерге деген құрмет, тыныш өмір үшін төгілген тер мен қан – барлығы тыңдаушылардың көңілін босатып, қошеметке бөленді.
Салтанатты кеш аясында полиция қызметкерлері мен кадеттердің қатысуымен ұйымдастырылған офицерлік бал да ерекше әсер қалдырды. Бұл көрініс – ұрпақтар сабақтастығының, құрмет пен дәстүр жалғастығының айқын көрінісі болды.
– Біз Жеңіс әндері арқылы өткеннің рухын жеткізіп, ардагерлерге алғысымызды білдіруді және бейбіт өмірдің құндылығын еске салуды мақсат еттік, – деді кеш ұйымдастырушылары.
Қала тұрғындары полиция қызметкерлерінің жүрекпен ұйымдастырған өнерін жоғары бағалап, тарихи жадымызды сақтау жолындағы еңбектеріне ризашылықтарын білдірді. Кешке арнайы шақырылған ардагерлер де әсерлі концерттен алған әсерлерімен бөлісіп, жастарға батасын берді.
Осындай мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор іс-шаралар патриоттық рухты күшейтіп қана қоймай, құқық қорғау органдары мен қоғам арасындағы сенімді нығайта түсетіні сөзсіз.