Алматы облысында жол апаттарының алдын алу шаралары күшейтілді
Алматы облысының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу және апат санын азайту мақсатында профилактикалық шараларды күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, апатты учаскелерде қозғалыс жылдамдығын шектеу үшін жол жолағын тарылту секілді әдістер қолданылып жатыр. Мұндай шаралар көлік апаттарының алдын алуға бағытталған, себебі жол-көлік оқиғаларының көпшілігі жылдамдық режимін сақтамаудан туындайды.
Сонымен қатар профилактикалық жұмысқа жедел медициналық жәрдем қызметкерлері де жұмылдырылған. Ыстық күндері жүргізушілердің денсаулығына байланысты, әсіресе жүрек-қан тамыр жүйесіне қатысты қиындықтар орын алуы мүмкін. Дәрігерлер қажет жағдайда көмек көрсетіп, жүргізушілердің жағдайына бақылау жасайды.
Полицейлер жүргізушілермен әңгімелесіп, олардың хал-ахуалын, шаршаған-шаршамағанын сұрайды. Әлсіздік немесе шаршау белгілері байқалған жағдайда көлікті тоқтатып, демалуға кеңес береді және жолда барынша мұқият болуды ескертеді.
– Жазғы маусымда көлік қозғалысы артып, ағзаға түсетін салмақ та көбейеді. Сондықтан құқықбұзушылықтардың алдын алу және жүргізушілердің денсаулығына назар аудару ерекше маңызды, – деп атап өтті ведомство өкілдері.