Алматы облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған ерекше акция өтті
Еңбекшіқазақ ауданында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған ерекше акция өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Көшелермен апатқа ұшыраған көліктерді тиеген эвакуаторлар жүріп өтті. Темірдей мыжылған, терезелері қираған, соққыдан майысқан көліктер көзге бірден түседі. Олардың сыртына жол қозғалысы ережелерін сақтауға үндейтін ұрандар жазылған.
Бұл – қарапайым профилактикалық шара емес, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің санасына тікелей әсер етуге арналған шок терапиясы. Себебі бұл көліктер – біреудің үзіліп кеткен ғұмыры, қайғыға батқан отбасы, орындалмаған армандардың куәсі.
– Біз ережені тек сөзбен түсіндіріп қоймай, оның сақталмауынан туындайтын шынайы салдарды көрсеткіміз келеді. Бұл көліктер – жай темір емес, олардың әрқайсысы бір қайғылы оқиғаның ізі. Мұндай көрініс адамдарды ойландырады деп сенеміз, – дейді полиция қызметкерлері.
Акция аясында тәртіп сақшылары жүргізушілермен және жаяу жүргіншілермен арнайы кездесіп, жолдағы сақтықтың маңыздылығын түсіндірді. Әсіресе, жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу, бағдаршамды елемеу сияқты ереже бұзушылықтар адам өміріне тікелей қауіп төндіретінін ескертті.
Аудан тұрғындары бұл бастаманы ерекше қабылдап, оның тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.
– Санамызға сапар болған шара. Қанша жерден сақ болу керек екенін білеміз, бірақ кейде ережені елемейміз. Осындай шаралар жолдағы әр әрекетімізге ой салары сөзсіз, – дейді акция куәгерлерінің бірі.
Полиция қызметкерлері мұндай профилактикалық жұмыстар жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға, ең бастысы – адам өмірін сақтауға сеп болатынына сенімді. Сондықтан мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Құқық қорғау органдары барлық жол қозғалысына қатысушыларды ережені қатаң сақтап, сақтық пен жауапкершілікті ұмытпауға шақырады.