Алматы облысындағы мектепте қаза тапқан тәртіп сақшысының құрметіне АӘД кабинеті ашылды
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында қаза тапқан тәртіп сақшысының құрметіне АӘД кабинеті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан милиция қызметкерінің есімі Еңбекшіқазақ ауданындағы мектептердің бірінде алғашқы әскери даярлық сыныбына берілді. Салтанатты ашылу Еңбек ауылындағы орта мектепте өтті.
– 1995 жылы сәуірде Балтабай ауылының учаскелік инспекторының көмекшісі Мүсірет Абдуллаев браконьерді ұстау кезінде пышақ жарақатын алды. Өкінішке орай, Мүсірет Абдуллаев алған жарақаты салдарынан мерт болды, – деп еске алды Еңбекшіқазақ АПБ бастығы Дәурен Құтпанов.
Жалпы білім беру мекемесі кездейсоқ таңдалмады, Мүсірет Абдуллаев Еңбек ауылында туып-өскен және жастық шағын сол жерде өткізген.
– Мүсірет Абдуллаев Отанға риясыз қызмет етудің және борышқа адалдықтың үлгісі деп айтуға болады. Біздің міндетіміз – батырларымыздың ерліктерін естен шығармау және дәріптеу, – деп толықтырды Д.Құтпанов.
Сонымен қатар қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан милиция қызметкерінің құрметіне ескерткіш тақтасы ашылды.