Алматы облысының әкімшілік полициясы халыққа 75 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті
Жыл басынан бері Алматы облысының әкімшілік полициясы халыққа 75 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әкімшілік полицияға барлығы 11 мемлекеттік қызмет түрі тиесілі. Бұл жұмыс бағыты толығымен электронды форматқа ауыстырылды. Бүгінгі күні адамдар қажетті операциялардың негізгі бөлігін үйден шықпай-ақ жасай алады.
– Жыл басынан бастап облыстық әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері халыққа 75 445 мемлекеттік қызмет көрсетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе жоғары. Оның ішінде 74 412 қызмет жеке тұлғаларға, ал заңды тұлғаларға 1 033 қызмет көрсетілді. Өңірдің 56 мыңнан астам тұрғыны көлік құралдарын мемлекеттік тіркеуге және есепке қоюға өтініш білдірді. Бұл халық арасында кеңінен тараған және сұранысқа ие қызмет көрсету түрі. Сонымен қатар жүргізуші куәлігін беру бағыты кең тараған, оны 14 мыңға жуық азамат пайдаланды, – деп атап өтті облыстық әкімшілік полиция басқармасы бастығының м.а. Еркебұлан Ахметов.
Сонымен қатар азаматтық қару сатып алу бойынша 1 360 қызмет көрсетілді, қаруды сақтауға және алып жүруге 3 037 рұқсат берілді, оның ішінде рұқсат мерзімі ұзартылды.
– Департамент басшылығы мемлекеттік қызметтерді сапалы және тиімді көрсетуді басты назарға алған. Электронды формат процесті жылдамдатады, оның тиімділігін арттырады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Әкімшілік полиция қызметкерлері әрбір азаматқа жеке көзқарасты қамтамасыз етіп, қолданыстағы заңнама нормаларын, қабылданған шешімдерді және тиісті тәртіпте шағымдану құқығын нақты түсіндіреді. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы ішкі және сыртқы (мүдделі органдардың) бақылауда, – деп толықтырды Е. Ахметов.