Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысының ПД бастығы жолдардың жағдайы мен қызметкерлердің жұмысын тексерді

Алматы облысының ПД бастығы жолдардың жағдайы мен қызметкерлердің жұмысын тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және жол қозғалысы ережелері жөніндегі қоғамдық сарапшы Аян Сауранбаевпен бірге "Қауіпсіз жол" кең ауқымды профилактикалық іс-шарасын өткізді. Акция "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып, жолдағы тәртіпті күшейтуге, апаттылықты азайтуға және жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Алматы облысы ПД бастығы қызметкерлердің жұмысын жеке тексеріп, авариялық-қауіпті учаскелердің жағдайын бағалап, мамандар мен қоғам өкілдерінің ұсыныстарын орнында тыңдады. Рейд барысында жылдамдық режимін сақтамау, дұрыс емес манёвр жасау және қауіпті озу сынды бірқатар жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері анықталып, жолы кесілді.

Жол жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше көңіл бөлінді. Алматы – Өскемен және Қапшағай–Құрты автожолдарын реконструкциялау учаскелерінде Мейрам Әбікеев мердігер ұйымдарға кеткен кемшіліктерді көрсетіп, оларды жою бойынша нақты тапсырмалар берді, сондай-ақ жұмыстардың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауды міндеттеді.

"ҚазАвтоЖол" АҚ мамандарымен бірге тексерілген учаскеде жол белгілері мен сызықтарының дұрыстығы, жабынның жағдайы және "EKIN" мен "Қорғау" жүйелерінің жұмысы қаралды. Тексеру қорытындысы бойынша полиция басшысы қызметкерлерге бірқатар ескертулер жасап, жолдағы әрбір кемшіліктің азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін атап өтті.

"БАКАД" АҚ базасында қатысушыларға заманауи бейнабақылау жүйелері мен орташа жылдамдықты бақылау технологиялары көрсетілді. Бұл жүйелер жол бұзушылықтарын азайтуда және жүргізушілердің тәртібін арттыруда тиімді екенін дәлелдеген.

Мейрам Әбікеев профилактикалық жұмыстарға ерекше назар аударды. Ол жүргізушілерді тоқтатып, олардың өзімен жеке сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді, соның ішінде автобустардағы жолаушылармен де әңгімелесті. Басшы акцияның мақсатын түсіндіріп, ереже сақтауға шақырып, жол қауіпсіздігі – бәрінің ортақ жауапкершілігі екенін еске салды. Мұндай ашық форматтағы профилактика іс-шараның маңызды бөлігіне айналды.

"Алматы – Көкпек – Көктал" автожолының учаскесінде патрульдеу барысында ұшқышсыз жүйелер қолданылып, қысқа уақыт ішінде қосымша құқық бұзушылықтарды анықтап, жедел шара қолдануға мүмкіндік берді.

Акция Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Іс-шараның мақсаты "Заң мен тәртіп мемлекеттік тұжырымдамасын негізге ала отырып, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру