Алматы облысының полицейлері Ауған соғысы ардагерлерін құттықтады
Алматы облысында Отан қорғаушылары күні қарсаңында Алматы облысы Полиция департаментінің басшылығы мен қызметкерлері интернационал-сарбаздарды медальдармен наградтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Олар Ауғанстанда өздерінің итернационалдық міндеттерін орындады. Ал олардың бірі Чернобыль трагедиясының салдарын жоюға қатысты. Бұл ержүрек тұлғалардың барлығы зейнетке шыққан милицияның бұрынғы қызметкерлері»,- деп атап өтті Талдықорған қалалық Полиция басқармасының басшысы Асқар Нұрсапа.
Атап айтқанда, «Жеңіс» естелік медалі ауған соғысының сарбаздары: милиция подполковнигі Дүйсенхан Махметовке, милиция подполковнигі Виталий Ханинге, милиция майоры Қайрат Сқақовқа, милиция старшинасы Саржан Ахметовке және Чернобыль апатының жоюшысы ішкі қызмет подполковнигі Бауыржан Мамырбаевқа ұсынылды.
«Жеңіс» естелік медалінің ауған соғысының сарбаздары мен Чернобыль апатының жоюшысына ұсынылуы олардың ерлік істерінің ешқашан ұмытылмайтынының белгісі. Олар Отан алдындағы өздерінің интернационалдық және қызметтік міндеттерін мінсіз орындады. Кез келген соғыс немесе халықтың қырылуына әкелетін апат шыдамдылық пен табандылықтың сынағы екені белгілі. Бұл адамдар сол сынақтан өтіп, Отанға аман-есен оралды және тәжірибелері арқылы өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеуге үлес қосуда»,- деп толықтырды Талдықорған қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Есімхан Қартқожин.