Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысының полицейлері автоблогерлермен бірлесіп рейд өткізді

“Қауіпсіз жол” облыстық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Алматы облыстық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері автоблогерлермен бірлесіп рейдтік жұмыстар өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінгі таңда аймақтағы полиция қызметкерлері жол апаты жағдайларына қатты алаңдаушылық білдіреді. Осы орайда 10-30 мамыр аралығында өткізіліп жатқан “Қауіпсіз жол” облыстық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында облыстық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері автоблогерлермен бірлесіп рейдтік жұмыстар өткізіп жатыр.

– Блогерлер қоғамдық пікірді қалыптастыруға үлкен әсер ететін әлеуметтік желілердің белсенді пайдаланушылары екені барлығына мәлім. Олармен бірлескен жұмыс жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған, – деді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.

Жүргізілген талдау нәтижесі жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері әлі де жылдамдық режимін асыру, қарсы қозғалыс жолағына шығу, сондай-ақ жол белгілері мен таңбалау талаптарын сақтамауы болып табылатынын көрсетті.

Осыған орай жол-көлік оқиғаларының деңгейі жоғары учаскелерде апаттылықтың алдын алу және құқық бұзушыларды анықтау мақсатында арнайы дрон-квадрокоптер қолданылды.

– Дрондардың көмегімен біз жолдарды ретке келтіруге және жол қозғалысы ережелерін бұзуды барынша азайтуға ниеттіміз, – деп атап өтті Б. Әленов.

Тек үш күн ішінде патрульдік полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 1800-ден астам әкімшілік хаттама толтырды. 53 автокөлік айыппұл тұрағына қойылып, медициналық айықтырғышқа 25 адам жеткізілді. Мұндай іс-шаралар облыс жолдарындағы апаттылықты азайту мақсатында тұрақты түрде өткізіледі.

– Жол қозғалысына қатысушылардан жолдарда, әсіресе түнде мұқият және сергек болуын сұраймыз. Шаршаған кезде тоқтап, демалыңыз. Сізді жақындарыңыз үйде күтіп отырғанын ұмытпаңыз. Жол ережелерін қатаң сақтап, жылдамдық режимін бұзбаңыз. Жол қателіктерді кешірмейді, – деп ескертті Б.Әленов автокөлік иелеріне.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру