Алматы облысында полицейлер интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейтті
Алматы облысында полицейлер интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысында интернет-алаяқтардан қорғау мақсатында тұрғындарды жан-жақты ақпараттандыруға арналған «100%» акциясы ауқымды түрде бастау алды. Бұл бастама тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды қамтиды.
Акция аясында полицейлер әрбір үйге барып, көшелерде дауыс зорайтқыш арқылы ескертулер жасап, әлеуметтік желілерде ақпараттық жарияланымдар таратуды қолға алды. Сонымен қатар жаппай жиналатын орындарда кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
– Қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл интернет-қылмыстардың ашылу көрсеткіші 4,5%-ға артты. Зардап шеккендерге 40 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылды. Бір жылдың ішінде 85 дроп, 10 ұйымдастырушы және 62 күдікті ұсталды. 57 профилактикалық шара ұйымдастырылып, 36 мыңға жуық брошюра мен жадынама таратылды. Сонымен қатар 19 билборд пен LED-экран орнатылды. Жергілікті баспасөзде 34 мақала жарық көріп, әлеуметтік желілерде 120-дан астам профилактикалық материал мен 20 бейнеөтініш жарияланды, – деді киберқылмыспен күрес қызметкерлері.
Полицейлердің айтуынша, мұндай ауқымды ақпараттық жұмыс әрбір азаматқа өзін және жақындарын киберқылмыстардан қорғауға мүмкіндік береді.