Алматы облысының полицейлері мал ұрысын құрықтады
Алматы облысының полицейлері мал ұрысын құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 ақпан Ақсу АПБ-нің кезекші бөліміне Алматы қаласы, Алатау ауданының 56 жастағы тұрғынынан Ақсу ауданы, Жаңалық ауылына қарасты шаруа қожалықтан 24 бас жылқы малының ұрланып, материалдық шығын келгені туралы арызы түскен.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-1 бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша (Мал ұрлығы) тіркеліп, ұрланған малды іздестіру жұмыстары басталды. Іздестіру іс-шараларына Ақсу АПБ-нің қызметкерлері жұмылдырылды.
– Жүргізілген іздестіру шараларының арқасында жылқы малдары Сарқан ауданының аумағында орналасқан жеке шаруа қожалығынан табылып, заңды иесіне қайтарылды. Мал ұрлығы дерегіне қатысы бар деген күдікпен 34 жастағы Сарқан қаласының Д. есімді тұрғыны ұсталып, Ақсу ауданының сотының қаулысымен тергеу амалдары аяқталғанша екі ай мерзімге уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлайды Ақсу АПБ-нің бастығы Дәурен Сәкенов.