Алматы облысының полицейлері мемлекеттік баждарды жинау бойынша белсенді шаралар қабылдап жатыр
Алматы облысының полицейлері автокөлікті алғашқы тіркегені үшін төленбеген мемлекеттік баждарды жинау бойынша белсенді шаралар қабылдап жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық департаменттің әкімшілік полиция басқармасы 13,2 млрд теңгеге алым төлемей бастапқы тіркеу фактілерін анықтады. Бұл туралы облыстық әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркебұлан Ахметов өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
– Мемлекеттік кірістер департаменті алғашқы тіркеу үшін мемлекеттік алымды төлемей, алыс және жақын шетелдерден әкелінген автокөлік құралдарын тіркеудің көптеген фактілерін, сондай-ақ мемлекеттік баж төлемей-ақ жоғары сұранысқа ие мемлекеттік нөмірлік белгілерін беру жағдайларын анықтады. Тексеру нәтижесі бойынша 2018-2021 жылдар аралығында 13,2 млрд теңге сомаға алым төлемей автокөлік құралдарын бастапқы тіркеудің 2 228 фактісі болғаны анықталды, – деп атап өтті Е. Ахметов.
Сонымен қатар мемлекеттік баж төлемей VIP-нөмірлерді берудің 77 фактісі анықталды, нәтижесінде бюджетке шығын 36,7 млн теңгені құрады.
– Қазіргі уақытта әкімшілік полиция осы қызметтерді стандартты емес жолмен алған адамдардан алым мен баж сомаларын өндіріп алу бойынша іс – шаралар жүргізуде, – деп түйіндеді Е.Ахметов.